09.07.2026 11:04

Өзбекстанда Chevrolet Suburban сатылымы басталды

Автокөлік тек қана бір — High Country жиынтығында қолжетімді.

AutoReport редакциясы
Өзбекстанда Chevrolet Suburban сатылымы басталды
Фото: UzAuto Motors

Өзбекстандық UzAuto Motors автомобиль компаниясы жергілікті нарық үшін толық жетекті Chevrolet Suburban жол талғамайтын көлігінің таныстырылымын өткізді. Көлік тек бір ғана High Country жиынтығында ұсынылып отыр. Ұсынылатын ресми бағасы шамамен 1,5 млрд сумды (58 млн теңге) құрайды.

Chevrolet Suburban High Country көлемі 6,2 литрлік, қуаттылығы 420 ат күшіне жететін атмосфералық V8 бензинді қозғалтқышымен жабдықталған. Қозғалтқыш 10 сатылы автоматты беріліс қорабымен және толық жетек (4WD) жүйесімен бірге жұмыс істейді.

Жол талғамайтын көлікке бейімделгіш пневматикалық аспа орнатылған. Сонымен қатар, автомобиль ESC, TCS, EBD сияқты заманауи қауіпсіздік жүйелерімен, жаяу жүргіншілерді анықтау, автоматты тежеу, жолақты сақтау және соқыр аймақтарды бақылау жүйелерімен жабдықталған.

“Chevrolet Suburban High Country үлгісі Chevrolet Tahoe-ның барлық мықты тұстарын: қуатты қозғалтқышын, сенімді динамикасын және қауіпсіздіктің заманауи технологияларын сақтап қалған. Сонымен бірге, жаңа модель әлдеқайда кең мүмкіндіктер ұсынады. Ұзартылған дөңгелек базасы мен кең салоны Chevrolet Suburban-ды отбасы, жолаушылар мен жүк үшін көбірек орынды қажет ететіндерге таптырмас таңдау етеді”, — делінген UzAuto Motors хабарламасында.

Салонда 17,7 дюймдік мультимедиа экраны және 11 дюймдік аспаптар панелі орнатылған.

Көліктің өлшемдеріне тоқталсақ: ұзындығы — 5 748 миллиметр, ені — 2 058 миллиметр, биіктігі — 1 934 миллиметр, ал дөңгелек базасы — 3 407 миллиметр. UzAuto Motors өкілдерінің мәлімдеуінше, осындай ауқымды өлшемдерінің арқасында автомобиль 7 орындық кең салон мен өз класындағы ең сыйымды жүк салғыштардың бірін ұсынады.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Өзбекстанда 433 327 жаңа автомобиль сатылған болатын. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8%-ға артық. Нарық көшбасшысы болып сатылымның 82%-ын иеленіп отырған Chevrolet бренді қалуда.