
Қытайдың Landroads агенттігі көлік иелері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша клиенттері ең адал бірнеше электромобиль моделін анықтады. Үздік үштікке Nio ES8 және BYD Song Ultra кроссоверлері, сондай-ақ Nio ET5 Touring универсалы енді, деп жазады "Китайские автомобили" порталы.
Үшінші буындағы толықөлшемді Nio ES8 кроссовері Қытай нарығына 2025 жылдың қыркүйегінде шығып, брендтің ең көп сатылатын моделіне айналып үлгерді. Автомобиль жалпы қуаты 707 ат күшін құрайтын екі электр қозғалтқышымен жабдықталған. Олар сыйымдылығы 102 киловатт-сағат болатын тарту батареясынан қуат алады. Автомобильдің CLTC циклі бойынша жүру қоры 655 километрді құрайды. Сағатына 100 километр жылдамдыққа ES8 төрт секундта жетеді. Сапар кезіндегі жайлылыққа екі камералы пневматикалық аспа жауап береді. Қытайда Nio ES8 III құны 382,8 мыңнан 446,8 мың юаньға дейін (26,7 млн-нан 31,1 млн теңгеге дейін) ауытқиды.

Электрлі BYD Song Ultra артқы жетекті және 9 минутта 10%-дан 97%-ға дейін ультражылдам қуаттауды қолдайтын e-Platform 3.0 Evo платформасында құрастырылған. Электромобильдің жүру қоры CLTC циклі бойынша 710 километрге дейін жетеді. Автомобильдің максималды жылдамдығы сағатына 210 километрге дейін барады. BYD Song Ultra екі электр қозғалтқышымен қолжетімді – 240 киловатт немесе 270 киловатт. Қытайда автомобильдің бағасы 151,9 мыңнан 179,9 мың юаньға дейін (10,6 млн-нан 12,5 млн теңгеге дейін) барады.

Nio ET5 Touring жалпы қуаты 490 ат күшін (360 киловатт) және айналу моменті 700 ньютон-метрді құрайтын екі моторы бар толық жетекпен жабдықталады. Сағатына 100 километр жылдамдыққа дейін үдеу төрт секундты алады, ал CLTC циклі бойынша жүру қоры батареяның сыйымдылығына (75 немесе 100 киловатт-сағат) байланысты 530-дан 680 километрге дейінді құрайды. Қытайда автомобильдің құны 298 мыңнан 313 мың юаньға дейін (20,8 млн-нан 21,8 млн теңгеге дейін) ауытқиды.
Сонымен қатар Қытайда иелері ең адал электромобильдердің топ-10 қатарына Li Auto Mega, Nio ET5, Firefly EV, Zeekr 007 GT, Xiaomi YU7, Li Auto i6, Nio ES6 және Xiaomi SU7 модельдері кірді.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында қытайлық компаниялар 15 млн жаңа автомобиль сатты. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға аз. Бұл ретте жергілікті нарықтағы сату көлемі дерлік төрттен бірге төмендеді, бұл экспорттың өсуімен өтелді.