
Қытайлық автоөндіруші Li Auto компаниясы жаңартылған Li L8 гибридті кроссоверін Чанчжоу, Сучжоу, Ханчжоу және Шанхай қалаларына жеткізу басталғанын жариялады. Компания Қытайдың басқа қалаларына кезең-кезеңімен жеткізілетінін мәлімдеді.
Автомобиль екі түрлі жиынтықта ұсынылады: Ultra және Livis. Олардың құны сәйкесінше 369,8 мың және 429,8 мың юаньді (26,2 млн және 30,5 млн теңге) құрайды.
Жаңа Li Auto L8 стандартты жиынтығында сыйымдылығы 72,7 киловатт-сағат болатын 5C батареясымен жабдықталған. Бұл CLTC циклі бойынша тек электр қуатымен 430 шақырымға дейін, ал аралас режимде 1 670 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Батарея заряды таусылған кездегі отын шығыны 100 шақырымға 6,2 литрді құрайды.
Кроссовердің Ultra нұсқасы үшінші буынның қос клапанды, екі камералы пневматикалық аспасын қамтитын «сиқырлы кілем» типті электронды аспасымен, электронды рульдік басқару және артқы дөңгелектерді бұру (бұрылу радиусы – 5,1 метр) жүйесімен жабдықталған. Ал Livis нұсқасы 800V белсенді аспасымен және EMB электронды тежеу жүйесімен ерекшеленеді.
Автомобильдің ұзындығы – 5 135 миллиметр, ені – 2 000 миллиметр, биіктігі – 1 800 миллиметр, ал дөңгелек базасы 3 045 миллиметрді құрайды. Екінші қатардағы орындықтарды бүктемегеннің өзінде жүк салғыштың көлемі 820 литрге, ал тереңдігі 1 113 миллиметрге жетеді.
Еске сала кетейік, Li Auto бренді қазақстандық автомобиль нарығына 2025 жылдың тамыз айында шыққан болатын. Қазіргі уақытта елімізде оның L6, L7 және L9 атты үш моделі қолжетімді. Брендтің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы – Allur компаниясы.