22.06.2026 15:59

Қазақстанда Omoda және Jaecoo автокөліктерінің өндірісі іске қосылды

Бағасы 2026 жылдың тамызында белгілі болады.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда Omoda және Jaecoo автокөліктерінің өндірісі іске қосылды
Фото: Astana Motors

Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында қытайлық Omoda және Jaecoo автокөліктерін шығару басталды. Сатылымның басталуы 2026 жылдың тамыз айының соңы мен қыркүйектің басына жоспарланған. Ал бағалары тамызда жарияланады, деп хабарлайды Astana Motors қазақстандық автомобиль компаниясының баспасөз қызметі.

Алғашқы шығарылған модельдер – Jaecoo J7 және Jaecoo J5.

"Өндіріс желісі Jaecoo J7 PHEV қосылмалы гибридінен және бұған дейін Қазақстан нарығында ресми түрде таныстырылмаған Jaecoo J5 ықшам кроссоверінен басталады. Сонымен қатар, Omoda бренді бойынша да жаңартылған C5 моделінің жергілікті өндірісін іске қосуға дайындық жүріп жатыр", – деді Astana Motors құрамындағы Omoda және Jaecoo дистрибуциясының директоры Александр Абрамов.

Astana Motors өкілдерінің қоса кеткеніндей, өндіріс желісін дайындау үшін Алматыға Қытайдан арнайы мамандар келген. Олар іске қосу-баптау жұмыстарына, жабдықтарды реттеуге қатысып, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының қазақстандық мамандарына кеңес беруде.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың сәуір айында Astana Motors компаниясы Қазақстан аумағындағы Omoda және Jaecoo автокөліктерінің ресми дистрибьюторы атанған болатын. Брендтердің жұмыс істеп тұрған ресми дилерлері компанияның басқаруына өтті, бүгінде бұл – Қазақстанның 13 қаласындағы 15 дилерлік орталық.