21.07.2026 12:19

Қазақстанда “Астана” брендімен автобустар өндірісі іске қосылады

Өндірісті іске қосу 2027 жылдың наурызына жоспарланған.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда “Астана” брендімен автобустар өндірісі іске қосылады
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Қазақстанда "Астана" брендімен автобустар өндірісін бастау 2027 жылдың наурыз айына жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов мәлімдеді.

Жобаның технологиялық серіктесі әзірге аталмай отыр. Әзірге белгілісі – бұл қытайлық компания болмақ.

"Автобустар Қытайдан келген технологиялық серіктестердің қатысуымен және әлемдік жетекші өндірушілердің компоненттерін пайдалана отырып әзірленді. Осы автобустардың дизайнын жасауға Қазақстандағы біздің инженерлер тікелей қатысты. Автобустар Қазақстан аумағында өндіріледі", – деді Нұрлан Смағұлов.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың қараша айында Қазақстанда дизельді және газды автобустардың сериялық өндірісі іске қосылады деп күтілуде. Брендтің атауы әлі жарияланған жоқ.

2026 жылдың маусымында Astana Motors пен Volvo Group Қазақстанда швед компаниясының жүк көліктері өндірісін локализациялауға дайындық туралы меморандумға қол қойды. Жобаның бірінші кезеңінде алыс қашықтыққа тасымалдауға арналған Volvo FH13 магистральды ершікті тартқыштарын шығару жоспарлануда. Сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыста кеңінен қолданылатын Volvo FMX13 автокөліктерін өндіру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.