15.07.2026 16:19

Қазақстанда гибридті Chery Tiggo 7 және Tiggo 8 модельдерінің сатылымы басталды

Автокөліктер Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында шығарылады.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда гибридті Chery Tiggo 7 және Tiggo 8 модельдерінің сатылымы басталды
Фото: Astana Motors

Қазақстандық Astana Motors автокөлік компаниясы гибридті Chery Tiggo 7 PHEV және Tiggo 8 PHEV кроссоверлерінің сатылымы басталғанын жариялады. Автокөліктер Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында шығарылады. Кәсіпорын үшін бұл модельдер жаңа энергия көздерімен жүретін алғашқы көліктер болмақ, деп хабарлайды Astana Motors баспасөз қызметі.

Екі модель де 1,5 литрлік турболы бензин қозғалтқышы мен жалпы қуаты 279 ат күшіне дейін жететін электр моторлары негізіндегі гибридті күштік қондырғымен жабдықталған. Көліктер тек электр қуатымен NEDC циклі бойынша 95 шақырымға дейін жүре алады, ал аралас режимдегі жалпы жүріс қоры 1 200 шақырымға жетеді.

Astana Motors компаниясы гибридтердің шанағы жоғары беріктікті болаттан жасалғанын мәлімдеді. Модельдер жүргізуші мен жолаушылардың сенімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін “Euro NCAP бес жұлдыз” қауіпсіздік рейтингіне сәйкес келеді.

“Автокөлікті кез келген ыңғайлы әдіспен зарядтауға болады: үй розеткасынан; батарея зарядын 20 минутта 30%-дан 80%-ға дейін толтыруға мүмкіндік беретін тұрақты токтың (DC) жылдам зарядтау станциясынан немесе толық зарядтауға шамамен үш сағат кететін айнымалы токтың (AC) станциясынан”, – делінген компания хабарламасында.

Кроссоверлер энергия тұтынуды басқарудың интеллектуалды жүйесімен, жүргізушіге көмектесетін кеңейтілген ADAS жүйелер пакетімен, қос экраны бар Sony мультимедиалық кешенімен, толық қысқы пакетпен және алдыңғы орындықтарды желдету жүйесімен жабдықталған.

Қазақстандық автонарықта Chery Tiggo 7 PHEV төрт түсте ұсынылады: “болат түсті сұр”. “технологиялық сұр”, ақ және “қанық қара”. Сатып алушылар үшін құны 11,99 млн теңге болатын жалғыз Tech комплектациясы қолжетімді. Көлікке 5 жыл немесе 150 мың шақырым жүріске кепілдік беріледі.

Chery Tiggo 8 PHEV келетін болсақ, базалық жабдықтардан бөлек, бұл модельде адаптивті круиз-бақылау, жолақты сақтау жүйесі, алдыңғы әйнекке проекция жасау, панорамалық төбе, премиум санатты мультимедиа жүйесі, массаж функциясы мен аяқ тірегіштің реттелуі бар алдыңғы жолаушы орындығы бар. Бұл автокөлік те Қазақстанда төрт түсте ұсынылған: “қанық жасыл”, “изумрудты графит”, “жарқыраған ақ” және “болат түсті сұр”.

Отандық нарықта модельдің жалғыз комплектациясы 13,49 млн теңге бағасымен қолжетімді. Көлікке 7 жыл немесе 200 мың шақырым жүріске кепілдік беріледі.

Екі модель де CATL компаниясы шығарған LFP (литий-темір-фосфатты) батареясымен жабдықталғанын атап өткен жөн. Бұл батарея қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді (сыртқы зақымданулар кезінде тұтанбайды) және 3 мыңнан астам зарядтау цикліне есептелген. Батарея IP68 стандарты бойынша қорғалған, ал интеллектуалды BMS жүйесі әр элементтің күйін тәулік бойы бақылап отырады. Батареяға берілетін кепілдік — 8 жыл немесе 160 мың шақырым жүріс.

Chery Tiggo 7 PHEV және Tiggo 8 PHEV Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында шығарылады. Кәсіпорын үшін бұл автокөліктер жаңа энергия көздерімен жүретін алғашқы модельдер болмақ.

Chery гибридті автомобильдерінің қазақстандық автонарыққа жеткізілетіні туралы AutoReport редакциясы 2026 жылдың мамыр айында жазған болатын. Сол кезде бренд Ұлы Қытай қорғанына жақын маңдағы Чэндэ қаласында, жүрдек магистральдар, тау серпантиндері мен биіктік айырмашылығы бар учаскелер арасында өткен тест-драйвта Chery Tiggo 7 CSH, Tiggo 8 CSH және Tiggo 9 CSH модельдерінің мүмкіндіктерін көрсеткен еді.