01.07.2026 19:42

Denza Қазақстан автонарығына шығады

Сатылым 2026 жылдың екінші жартысында басталады.

AutoReport редакциясы
Denza Қазақстан автонарығына шығады
Фото: BYD Kazakhstan

Қытайлық премиум санаттағы Denza бренді (BYD Auto құрамына кіреді) Қазақстан автонарығына қадам басады. BYD Kazakhstan баспасөз қызметінің хабарлауынша, сатылым 2026 жылдың екінші жартысында басталады.

Denza брендінің Қазақстандағы алғашқы моделі — B8 гибридті жол талғамайтын көлігі болмақ. Автокөлік екі литрлік турболық бензинді қозғалтқышпен және екі электр моторымен жабдықталған. Толық жетек жүйесі көліктің сағатына 100 шақырымға дейін 4,8 секундта екпін алуын қамтамасыз етеді, ал NEDC циклі бойынша тек электр қуатымен жүру қоры 115 шақырымға дейін жетеді. Сыйымдылығы 36,8 кВт сағат құрайтын аккумулятор тұрақты тоқпен жылдам қуаттау функциясын қолдайды — зарядты толтыруға шамамен 16 минут кетеді.

«Бұл модель күнделікті қолданысқа, алыс сапарлар мен саяхаттарға арналған сыйымды автокөлікті қажет ететін сатып алушыларға бағытталған. Шанақтың рамалық конструкциясы, толық жетек және гибридті күштік қондырғы қала көшелерінде де, күрделі жолсыз жерлерде де сенімді қозғалуға мүмкіндік береді», — делінген BYD Kazakhstan хабарламасында.

Denza B8 салоны екі түрлі нұсқада — 6 және 7 орындық болып ұсынылады. Сондай-ақ көлікке түрлі заманауи цифрлық сервистер, автомобильді басқарудың зияткерлік жүйелерінің кең жиынтығы мен электронды ассистенттер енгізілген.

Мысалы, автомобиль жол жағдайына байланысты жүру аспасының биіктігі мен демпфирлеу сипаттамаларын реттейтін DiSus-P зияткерлік гидравликалық шанақты басқару жүйесімен жабдықталған. Алдыңғы және артқы аспалар асфальтта да, бұдырлы жерлерде де тұрақтылық пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Көліктің жабдықталуын шектеулі кеңістікте маневрлікті арттыру үшін алдыңғы және артқы электр қозғалтқыштарының жұмысын үйлестіретін Intelligent U-Turn функциясы толықтырып тұр.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың ақпанында Denza бренді Еуропа нарығына шығатынын жариялаған болатын. Ал 2025 жылдың қаңтарында Индонезияда сатылымның жуық арада басталатыны белгілі болды. Бұл екі аймақта да Denza D9 минивэндері туралы болып отыр.

BYD суббрендтерінің келуі мүмкін екендігі туралы ақпарат 2025 жылдың басында-ақ пайда болған еді. Ол кезде әңгіме Denza, Fang Cheng Bao және YangWang автомобильдері жайында өрбіген болатын.