02.07.2026 15:24

Сутегімен жүретін BMW X5 туралы не белгілі

Автомобиль Toyota Motor Corporation компаниясымен бірлесіп әзірленген.

AutoReport редакциясы
Сутегімен жүретін BMW X5 туралы не белгілі
Фото: BMW

Жақында ғана BMW компаниясы бесінші буындағы X5 кроссоверінің тұсауын кесті. Автокөлік күштік қондырғының бес түрлі нұсқасымен ұсынылады. Оның гибридті, бензинді, дизельді және электрлі нұсқаларының сипаттамалары қазірдің өзінде белгілі. Енді BMW бренді X5 моделінің сутегімен жұмыс істейтін модификациясы туралы мәліметтерді жариялады.

Сутегімен жүретін BMW X5-тің жүру қоры WLTP циклі бойынша 750 шақырымды құрайды. Ал оған жанармай (сутегі) құю уақыты бес минуттан да аз уақытты алады. Көлік толыққанды M Sport пакетімен жабдықталған.

“Жаңа BMW iX5 Hydrogen үшінші буындағы отын элементтері негізінде құрастырылған. BMW Group және Toyota Motor Corporation бірлесіп әзірлеген бұл соңғы нұсқа бұрынғы серіктесінен гөрі қуаттырақ әрі үнемді, сонымен қатар көлемі жағынан 25%-ға ықшамды”, — деп мәлімдеді BMW өкілдері.

Жалпақ отын бактарының жүйесі көміртекті талшықпен нығайтылған композиттік материалдан жасалған, жоғары қысымды жеті отын багынан тұрады. Олар параллельді түрде қосылып, берік металл қаңқаға біріктірілген. Бұл ретте жекелеген жоғары қысымды ыдыстардың орнына орталық бас клапан арқылы басқарылатын, бірыңғай жабық блокқа біріктірілген бірнеше камера қолданылады. Оңтайландырылған сақтау тұжырымдамасы BMW iX5 Hydrogen моделінің үлкен қашықтықты бағындыруын қамтамасыз етеді және кемінде жеті келі сутегін сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар BMW iX5 Hydrogen автомобилі Heart of Joy деп аталатын жетек пен шассиді басқарудың ең соңғы бағдарламалық жасақтамасымен және BMW Dynamic Performance Control жүйесімен жабдықталған.

Еске сала кетейік, бесінші буындағы BMW X5 моделіне алдын ала тапсырыс қабылдау 2026 жылдың қазан айында басталады. Ал көліктің сутегімен жүретін нұсқасы нарыққа сәл кейінірек шығады.