18.08.2026 17:27

Chevrolet Қытайдағы сатуды тоқтатты

Ішкі өндіріс экспортқа бағытталады.

AutoReport редакциясы
Chevrolet Қытайдағы сатуды тоқтатты
Фото: Pixabay

General Motors Қытайдағы Chevrolet автокөліктерінің сатуын толығымен тоқтатты. Брендтің ішкі өндірісі экспорттық жеткізілімдерге қайта бағытталады, деп хабарлайды Chinadaily порталы General Motors China компаниясына сілтеме жасап.

Мәліметтерге сәйкес, Қытайдағы Chevrolet сату көрсеткіштері төмендеп, бренд қытайлық электромобильдермен бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр. Дегенмен, елде Chevrolet автокөліктерінің 7 миллионнан астам иесі бар. General Motors China оларға сапалы сатудан кейінгі қызмет көрсетуге, сондай-ақ қосалқы бөлшектерді уақтылы әрі тұрақты түрде жеткізіп тұруға уәде берді.

Chevrolet бренді Қытай нарығына 2005 жылы шыққан болатын. Сатудың ең жоғары шегі 2014 жылы тіркелді — ол кезде елде 767 мың автокөлік сатылып, Аспан асты елінің аумағында мыңға жуық фирмалық дилерлік орталық жұмыс істеді. Алайда уақыт өте келе бұл көрсеткіштер төмендей берді. 2025 жылы Chevrolet-нің Қытайдағы сатылымы 9 мыңға да жетпесе, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бары-жоғы 36 дананы құрады.

Енді Chevrolet ірі қалалардағыларды қосқанда, соңғы сату нүктелерін жауып жатыр.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша General Motors әлемдегі ең ірі автоөндірушілердің бірі атанды. Компания 4,5 миллион автокөлік сатып, рейтингте алтыншы орынға ие болды. General Motors флагмандарының бірі — Chevrolet бренді, оның 2025 жылғы сатылымы 2,8 миллион дананы құрады. Бұл әлемдегі 10-шы көрсеткіш.