
Қазақстанда автокомпоненттік базаны дамыту – жақын жылдарға арналған отандық автоөнеркәсіптің басым бағыттарының бірі. Өткен Үкімет отырысында сала өкілдері қазақстандықтардың жақын арада қандай жобалардың іске асырылуын күтуге болатынын айтып берді.
Қазақстан автокөлік одағы президентінің айтуынша, кластерлік тәсіл ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен кооперациясын күшейтуге, өндірістік шығындарды азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық автокөліктердің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында қалыптасқанын мәлімдеді. Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобустарға арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер өндірісін меңгеріп үлгерді.
"Бұдан бөлек, бамперлер, электр сымдары, дөңгелек дискілері және бояу-лак материалдарын өндіру бойынша жаңа жобалар іске асырылуда", – деді министр Үкімет отырысында.
Елде автокомпоненттік базаны одан әрі дамыту үшін машина жасау және транспорт мәселелері бойынша заң қабылданып, онда "өнеркәсіптік кластер" ұғымы енгізілді. Аталған кластерлер шеңберінде автокөлік құралдарын өндірумен қатар, оларға қажетті компоненттер өндірісін дамыту, жаңа жеткізушілерді тарту және өндірістік тізбектерді қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өз кезегінде Qarmet, Allur және Kia Kazakhstan компаниялары отандық болатты пайдалана отырып, жеңіл автокөліктерге арналған шанақтарды штамптау өндірісі жобасын іске асыруда.
"Бiз Qarmet компаниясының болаты әлдеқашан қолданылып жатқан Саран қаласындағы автобустар өндірісіне ұқсас, металлургия мен автомобиль жасауды біртұтас өндірістік тізбекке біріктіретін "Qarmet – Allur – Kia Qazaqstan" пәнаралық жобасын және басқа да өндірушілермен бірлескен жобаларды пысықтап жатырмыз", – деді Allur директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.
Оның айтуынша, 2028 жылы Qarmet жеңіл автокөлік өндірушілерінің талаптарына сай келетін автомобиль табақ болатын шығаруды жоспарлап отыр. 2029 жылы оның негізінде шанақ бөлшектерін сериялы түрде өндіру басталады. Жобалық қуаттылығы жылына кемінде 100 мың шанақты құрайды, ал ондағы қазақстандық болаттың үлесі кемінде 75% болады.
Қостанай қаласындағы Kia Qazaqstan зауыты да 2026 жылдың соңына дейін локализация деңгейін арттыруды жоспарлап отыр.
Kia қолдауымен Қазақстанда электр сымдарын, автокөлік орындықтарын, интерьер элементтерін және басқа да жиынтықтауыштарды өндіру бойынша жобалар іске асырылуда.
Kia Qazaqstan бас директоры Ким Де Кидің айтуынша, компания үшін локализация – бұл тек қазақстандық қамту үлесінің өсуі ғана емес, сонымен бірге өндірістік кооперацияны дамыту, елдің өнеркәсіптік базасын нығайту, заманауи технологияларды беру және отандық жеткізушілердің орнықты желісін қалыптастыру болып табылады. Бұл Қазақстанның автомобиль саласын одан әрі дамытуға негіз қалайды.
Электромобильдерге арналған аккумуляторлар шығаратын әлемдегі ең ірі өндіруші CATL (Contemporary Amperex Technology Company Limited) Қазақстан территориясында өндірісті орналастыру ниегін растады. Премьер-министр Олжас Бектенов барлық мүдделі мемлекеттік органдарға бұл жобаны бақылауда ұстауды тапсырды.
Ол Қазақстанда электромобиль аккумуляторларын өндірудің жаһандық тізбегіне интеграциялану үшін қажетті шикізат базасы бар екенін қоса айтты. Аккумулятор өндірісінде өте маңызды саналатын сфералық графит өндіру бойынша ірі жобаны іске қосу жоспарлануда. Сондықтан Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаның уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі AutoReport редакциясына 2025 жылы Қазақстанда 2,9 млн аккумулятор, 527,7 мың шина, 40,7 мыңға жуық мультимедиялық жүйе және 14,5 мыңға жуық орындық шығарылғанын хабарлаған болатын.