
Jaguar Land Rover тиісті Electric қосымшасы бар Range Rover-дің электрлі нұсқасын таныстырды. Автомобиль АҚШ пен Ұлыбританияда сатылымға түсіп үлгерді. Жыл соңына дейін модель Еуропада да пайда болады.
Range Rover Electric жалпы қуаты 550 ат күшін құрайтын екі электрқозғалтқышпен жабдықталған. Айналу моменті 850 ньютон-метрге жетеді. Өндіруші мұның дәстүрлі іштен жану қозғалтқышы бар Range Rover үлгілерінен де жоғары екенін мәлімдейді.
Сонымен қатар жаңа электромобиль Range Rover отбасы бойынша ең жылдам саналады – сағатына 100 километрге дейін үдеу небәрі 4,3 секундты алады. Ал ІЖҚ бар ең үздік модификациядағы Range Rover бұл қашықтықты 4,5 секундта бағындырады. Шындығында, электромобильдің максималды жылдамдығы электроникамен шектелген және сағатына 200 шақырымды құрайды.

Range Rover Electric жүріс қоры WLTP циклі бойынша 600 километрді немесе EPA циклі бойынша 535 километрді құрайды.
Электрқозғалтқыштар 344 призматикалық элементтен тұратын сыйымдылығы 118,5 киловатт-сағат болатын екі қабатты литий-ионды батареядан қуат алады. Ол бөлек зарядтау мүмкіндігі бар 800 вольттық архитектураны пайдаланады. Range Rover мәліметтері бойынша, қуаты 350 киловатт болатын көпшілікке арналған жылдам тұрақты ток зарядтау станциясына қосылғанда батарея 10%-дан 80%-ға дейін шамамен 22 минутта зарядтала алады. Максималды зарядтау жылдамдығында 10 минут қосымша шамамен 200 километр жүріс қорын қоса алады.
Жолсызбен жүру мүмкіндіктері, сөзсіз, жиынтықтың маңызды бөлігі болып қала береді. Range Rover-дің интеграцияланған тартуды басқару жүйесі қозғалтқыш жылдамдығын небәрі 50 миллисекундта реттей алады, бұл өндірушінің мәлімдемесіне сәйкес, іштен жану қозғалтқышы жүйесінің дөңгелектердің тайғанауына реакция білдіруінен шамамен 100 есе жылдам. Ілеспе трансмиссияның интеллектуалды динамика жүйесі қолжетімді айналу моментінің 0-ден 100%-ға дейінгі бөлігін артқы дөңгелектерге бере алады, бұл жол талғамайтын көлікті жолда ұстап тұруға көмектеседі.

Еске сала кетейік, төртінші буындағы Range Rover L405 дизельді қозғалтқышы бар ең үздік премиум автомобиль атанған болатын. Кейбір нарықтарда ол таңдау бойынша екі қозғалтқышпен қолжетімді болды: қуаты 258 ат күшін құрайтын үш литрлік TDV6 және қуаты 339 ат күшін құрайтын 4,4 литрлік SDV8.