
Қазақстандық автомобиль зауыттары ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты өндіріске өтті, ал кейбір брендтер бойынша орташа локализация деңгейі 40%-ға жетті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Қазақстан автомобиль одағының деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар-маусым аралығында отандық кәсіпорындар 96 089 көлік құралын шығарды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34,4%-ға артық. Өндірілген өнімнің жалпы құны 1,15 трлн теңгені құрады, бұл 2025 жылдың қаңтар-маусымына қарағанда 15,7%-ға көп. Қазақстанның машина жасау құрылымындағы көлік жасау үлесі 41,4%-ды құрады.
"Автомобиль жасау саласы сапалы динамика көрсетуде, онда қазақстандық кәсіпорындардың құзыреті ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты өндіріске өтті, соның арқасында кейбір маркалар бойынша орташа локализация деңгейі 40%-ға дейін жетті", – делінген Үкімет хабарламасында.
2024–2025 жылдар аралығында қуаттылығы жылына 70 мың автомобиль құрайтын Kia Qazaqstan зауыты және Changan, Great Wall Motor мен Chery компанияларының көліктерін шығаруға арналған мультибрендті Astana Motors Manufacturing Kazakhstan өндірісі пайдалануға берілді.
Параллельді түрде компоненттік база кеңеюде – Саранда Tengri Tyres шина зауыты іске қосылды, Алматыда Hyundai мультимедиялық жүйелерін, HVAC модульдері мен еден жабындарын шығаратын Kazakhstan Mobility Engineering және автоорындықтар өндіретін Almaty Autoparts Production кәсіпорындары жұмыс істейді, ал Қостанайда автокомпоненттердің мамандандырылған Локализациялау орталығы әрекет етеді.
Ауыл шаруашылығы мен жол-құрылыс машинасын жасауда "АгромашХолдингKZ" базасында John Deere техникасын өндірудің басталуы, сондай-ақ Петропавл қаласындағы "Казтехмаш» машина жасау зауыты" ЖШС өндірістік алаңында әлемдік LiuGong брендінің жол-құрылыс техникасын өндіруді ұйымдастыру маңызды қадам болды.