
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда 63 403 бірлік техника өндірілді. Оған жеңіл және жүк автокөліктері, автобустар, арнайы техника, тіркемелер мен жартылай тіркемелер кіреді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1%-ға артық.
2026 жылдың сәуір айында Қазақстан кәсіпорындары 18 144 бірлік техника шығарды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 31%-ға көп және ағымдағы жылдың наурыз айымен салыстырғанда 3,9%-ға жоғары.
"Бәсекелестіктің күшеюі мен нарық конъюнктурасының өзгеруіне қарамастан, қазақстандық автоөнеркәсіп жоғары өсу қарқынын сақтап отыр. Жаңа кәсіпорындардың үлесі артып, сала локализацияны күшейтіп, жаңа модельдерді іске қосып, өндірістік қуаттарды кеңейтіп келеді. Бүгінде автокөлік жасау еліміздің машина жасау саласының 42%-дан астамын құрайды", – деп атап өтті ҚАО президенті Анар Мақашева.
2026 жылғы қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша автокөлік, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің ақшалай көлемі 764,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,6%-ға жоғары. Қазақстан машина жасау құрылымындағы автокөлік өндірісінің үлесі 42,1%-ды құрап, былтырғы 40,2%-дан артты.
2026 жылғы төрт айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы кәсіпорындары 59 057 жеңіл автокөлік шығарды (+36,8%), 1 967 бірлік жүк техникасын (+9,3%), 986 бірлік автобус (+34,3%), 177 бірлік арнайы және мамандандырылған техника (-12,4%) шығарды. Тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісі 1 216 бірлікке дейін өсті (+17,1%).
"Қазақстанның Автокөлік Одағы" (ҚАО) деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша Қостанайдағы Allur ("СарыарқаАвтоПром") зауыты 23 161 автокөлік шығарды (-12,7%). Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) 17 710 бірлік техника өндірді. Hyundai Trans Kazakhstan – 13 373 автокөлік (-28,4%). Қостанайдағы жаңа Kia Qazaqstan зауыты өндіріс көлемін арттыруды жалғастыруда: 6 575 автокөлік шығарды.
Коммерциялық техника өндірушілер арасында Қарағанды облысы Саран қаласындағы QazTehna зауыты 1 025 бірлік техника өндіріп (+115,3%), айтарлықтай өсім көрсетті. Семей қаласындағы "СемАЗ" 889 жүк автокөлігін шығарды (-16,8%). Hyundai Trans Almaty – 322 бірлік коммерциялық техника (+123,6%). Көкшетаудағы "КАМАЗ-Инжиниринг" – 214 бірлік (-41%). Семейдегі Daewoo Bus Kazakhstan – 176 автобус (+319%). Оралдағы "Уральскагрореммаш" 86 бірлік арнайы техника өндірді. Orbis Machinery өндірістік алаңы 46 бірлік техника шығарды. Өзге өндірушілердің үлесіне 1 176 бірлік техника тиесілі.
2026 жылғы қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша Қазақстанда ең танымал 10 модель: Chevrolet Cobalt (7 755 бірл.), Hyundai Tucson (4 610 бірл.), Kia Sportage (2 246 бірл.), Hyundai Mufasa (1 746 бірл.), Changan CS55 Plus (1 617 бірл.), Haval M6 (1 564 бірл.), Hyundai Santa Fe (1 431 бірл.), Changan CS35 Max (1 344 бірл.), Haval Jolion (1 290 бірл.) және Hyundai Elantra (1 282 бірл.).