16.07.2026 14:46

Қазақстанда GAC S7 сатылымы басталды

Автокөлік Allur зауытында шығарылады.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда GAC S7 сатылымы басталды
Фото: Allur

Қазақстандық Allur автокөлік компаниясы GAC S7 гибридті кроссоверінің сатылымы басталғанын жариялады. Көлік Қостанай қаласындағы зауытта құрастырылып жатыр. Осылайша, GAC S7 брендтің Қазақстанда өндірісі локализацияланған алғашқы гибридті моделі атанды.

GAC S7 сыйымдылығы 36,3 киловатт-сағат болатын Magazine 2.0 литий-темір-фосфатты батареясымен жабдықталған. Кроссовер тек электр қуатымен 153 шақырымға дейін жүре алады, ал жалпы жүріс қоры 781 шақырымға жетеді. Жылдам қуаттау технологиясы батареяны шамамен 18 минут ішінде 30%-дан 80%-ға дейін толтыруға мүмкіндік береді. Тіпті батарея қуаты толық таусылған кезде де гибрид үнемділігін жоғалтпайды – мәлімделген отын шығыны 100 шақырымға шамамен жеті литрді құрайды.

Толық жетек жүйесінің арқасында автомобиль сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 6,1 секундта жетеді.

“GAC S7 моделінің басты ерекшелігі – тізбекті гибридті күштік қондырғысы. Көптеген гибридтерден айырмашылығы, мұндағы бензин қозғалтқышы дөңгелектерді қозғалысқа келтірмейді. Оның міндеті – шағын электр станциясы ретінде жұмыс істеп, қозғалыс кезінде электр энергиясын өндіру және тарту батареясын қуаттандыру. Ал көліктің жүруіне тек электр моторлары жауап береді. Мұндай шешім электромобильдерге тән бірқалыптылықты, тыныштықты және лезде әрекет ету жылдамдығын береді, сонымен бірге қуаттау инфрақұрылымына тәуелді болмай, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді”, – делінген Allur хабарламасында.

Автокөлік тіпті базалық жиынтығында-ақ панорамалық шатырмен, қосымша шуылдан оқшаулаумен және Nappa былғарысымен қапталған салонмен жабдықталған. Алдыңғы және артқы орындықтарда жылыту, желдету және массаж функциялары бар, ал кең екінші қатар ұзақ жол жүргенде де жоғары жайлылықты қамтамасыз етеді. Орындықтың еңкею бұрышы реттеледі, ал ең жоғарғы жиынтықта жолаушыға арналған оттоманка қарастырылған.

Жүк салғыштың көлемі 720 литрді құрайды, ал екінші қатардағы орындықтарды жинаған кезде бұл көрсеткіш 2 050 литрге дейін ұлғаяды.

Салонда Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін қолдайтын диагоналі 15,6 дюймдік мультимедиалық экран, цифрлық аспаптар панелі, 21 динамигі бар аудиожүйе, қуаты 50 ватт болатын сымсыз қуаттағыш және заманауи қосылым интерфейстерінің толық жиынтығы орнатылған.

Қазақстанда GAC S7 екі жиынтықта ұсынылады: Max – 14,49 млн теңге және Ultra – 21,49 млн теңге. Сатып алушыларға шанақтың алты түсі қолжетімді: Crystal White, Green Jungle, Black, Obsidian Black, Gray және екі түсті White/Black. Ал салонның ішкі әрленуін үш түрлі түс үйлесімінде таңдауға болады: Black-Brown, Brown-Beige және Black-Gray.

Еске сала кетейік, Қазақстанда отандық нарықта ұсынылған барлық GAC модельдер қатарының өндірісі оқшауландырылған: GS4 Max, GS8, S7 және M8, сондай-ақ Empow және GS3. 2026 жылдан 2028 жылға дейін Allur зауытында брендтің 17 мың автокөлігі шығарылады деп күтілуде.