10.06.2026 15:54

BYD қытайлық автоөндірушілер рейтингінде көш бастады

Топ 3-ке SAIC пен Chery де енді.

AutoReport редакциясы
BYD қытайлық автоөндірушілер рейтингінде көш бастады
Фото: chinadaily.com.cn

Қытайлық BYD Auto автоконцерні 2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша Аспан асты елінің нарығында көш бастады. Топ 3-ке SAIC Motor және Chery Automobile компаниялары да кірді, деп хабарлайды Chinadaily порталы.

2026 жылдың мамыр айындағы Қытайдың топ-5 ірі автоөндірушісі:

  • BYD Auto (BYD, Denza, Fangchengbao, Yangwang) – 383 453 (2025 жылдың мамырымен салыстырғанда +0,25%);
  • SAIC Motor (Roewe, MG, IM, Maxus, Feifan) – 348 988 (-4,6%);
  • Chery Automobile (Chery, Exeed, Omoda, Jaecoo, Jetour, iCaur, Kaiyi, Chery Jaguar Land Rover, Exlantix) – 247 823 (+20,5%);
  • Zhejiang Geely Holding Group (Geely, Zeekr, Lynk&Co, Polestar, Volvo, Lotus) – 237 637 (+1%);
  • Changan Automobile Group (Changan, Uni, Deepal, Qiyuan, Avatr, Kaicheng) – 209 100 автокөлік сатылды (-6,8%).

Айта кетейік, бұл Қытай нарығындағы және елден тыс жерлердегі сатылымдарды есепке алғандағы көрсеткіштер. Аспан асты елінің көптеген ірі автоөндірушілері дәл осы экспорттық жеткізілімдерін арттырған. Мысалы, 2026 жылдың мамырында BYD Auto құрамына кіретін барлық брендтердің Қытайдан тыс жерлердегі жалпы сатылымы 160 644 автокөлікті құрады. Бұл өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда 80,4%-ға көп.

Тек электромобильдер өндіруге маманданған қытайлық брендтердің арасында Leapmotor көш бастады, оның сатылымы 81 569 данаға жетті (2025 жылдың мамырымен салыстырғанда +80%). Бұл екінші орында тұрған Huawei компаниясының көрсеткішінен (40 мың сатылым) екі еседен астам көп.

Еске сала кетейік, BYD Auto 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі автоөндірушілер арасында бесінші орында тұр. Сондай-ақ қытайлық компаниялардың ішінен үздік ондыққа Zhejiang Geely Holding Group та енген болатын.