01.07.2026 15:05

Audi 2028 жылы A4 моделінің жаңартылған нұсқасын таныстырады

Автокөліктің дизайны түбегейлі өзгереді.

AutoReport редакциясы
Audi 2028 жылы A4 моделінің жаңартылған нұсқасын таныстырады
Фото: Audi

Audi A4 EV – жаңа дизайн стилінде жасалған алғашқы сериялық Audi модельдерінің бірі болады. Motor1 порталының жазуынша, автокөлік 2028 жылы көпшілікке жол тартады деп күтілуде.

Іс жүзінде, жаңа Audi A4 EV – бұрынғы А4 моделінің іштен жанатын қозғалтқышы бар нұсқасының орнын басқан, жақында шыққан бензинді A5 топтамасымен еш ортақтығы жоқ мүлде жаңа электромобиль.

Audi компаниясының техникалық директоры Рувен Мордың айтуынша, жаңа электрлі «төрттік» 2025 жылы Concept C шоу-карында алғаш рет көрсетілген футуристік дизайн тілін қолданатын брендтің алғашқы жаппай модельдерінің бірі болмақ. Бұл стильдің қарлығашы 2027 жылы жарық көретін, Lamborghini Temerario негізінде жасалған Nuvolari суперкары болмақ, бірақ оның таралымы небәрі 499 данамен шектеледі.

Мәліметтерге сүйенсек, Concept C салонындағы материалдардың сапасы айтарлықтай жақсартылған, сондай-ақ физикалық басқару элементтері көбейтіліп, экрандар саны азайтылған.

Еске сала кетейік, Audi аты аңызға айналған R8 спорткарының қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Дегенмен, модельдің жаңартылған нұсқасы немесе оның ізбасары жарық көруі үшін екі негізгі шарт орындалуы тиіс. Толығырақ AutoReport материалынан оқи аласыздар.